Алматы іргесіндегі тау бөктерлерінде «өрт» сөндірілді (ФОТО)

Сценарий бойынша, Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи саябағында өрт орын алды. Қазақстанның «Ормандарды авиациялық қорғау» қызметі Алматы бөлімінің бақылаушы ұшқышы Алма-арасан шатқалының батыс бөктеріндегі 30 гектарлық аумақта өрт болып жатқанын байқады. Ол бұл жөнінде сол арада радиодиспетчерлік қызметке хабарлайды. Ал радиодиспетчерлік қызмет өз кезегінде өрт сөндірушілерді оқиға орнына бағыттайды.
Өзара іс-қимыл жоспары бойынша өрт туралы хабар «101» және «112» бөлімдеріне келіп түсті. Қатты желдің салдарынан өрт саябақтың көп жеріне жайылып кетті. Осылайша, сол маңайда дем алып жатқан туристердің шатырларын өрт шалу қаупі туындады.
Орман шаруашылығының өкілдеріне өрт сөндіру бөлімшелері, «Қазавиақұтқару» АҚ екі Ка-32 тікұшағы және «Алматы қ. құтқару қызметінен» МИ-8 тікұшағы көмекке жіберілді. Бір тікұшақтан құтқарушылар түсірілді. Өрт ошағына су шашылды.
Оқу-жаттығу барысында су бүрку құрылғысы қолданылды, сондай-ақ, өрт Ка-32 тікұшағы арқылы вертикалды және көлденең әдіспен сөндірілді.
Оқу-жаттығуға Алматы қаласы мен облысының ТЖД өрт сөндірушілері, «Қазавиақұтқару» АҚ, «Алматы қ. құтқару қызметі», «Қазавиаорманкүзет» РМК, «Медеу» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы, «Апаттық медицина орталығы» мемлекеттік мекемесі, Алматы қаласының медициналық қызметі, Алматы қаласының ІІД, «Тазалық» МКК жеке құрамы мен техникалары, сондай-ақ, «Алматы қаласының құтқару қызметінің» кинологтары жұмылдырылды.
«Іле-Алатау мемлекеттік Ұлттық табиғи саябақтағы оқу-жаттығуы өртке қауіпті көктемгі-жазғы кезеңдегі атқаратын жұмыстарымыздың тек бір бөлігі ғана. Бұл бағытта әлі ірі ауқымды жұмыстар атқарылатын болады», - деді өз сөзінде Алматы қалалық ТЖД бастығының орынбасары, азаматтық қорғаныс полковнигі Ерлан Нұрпейісов.
Оқу-жаттығуға барлығы жеке құрамнан 128 адам, 21 техника және екі тікұшақ жұмылдырылды.