Алматы іргесіндегі тұрғындар лай-көшкін астында қалудан қауіптеніп отыр

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы іргесіндегі Бесағаш тұрғындары қопарылған таудың астында қаламыз ба деп қорқып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жылда қар еріп, көктем шыққанда Бурабай кентінің тұрғындары табиғаттың тосын мінезімен күресіп әлек болады. Толассыз жауған жауыннан биыл да аулаларды су басқан. Онымен қоса тура таудың іргесінде тұрған үйлерді саз-топырақ көшкіні басып қалу қаупі туып отыр. «Аулаларды, көмірханаларды, қоражайларды су алып барады. Үйлеріміздің іргетасы отыра бастады. Біз өз күшімізбен күресіп жатырмыз. Арық қазып, құм-топырақтан бөгет қалап жатырмыз. Қалашықты салған құрылыс компаниясы арық салуды ұмыт қалдырған», - деді тұрғындар.

Қазір Талғар ауданы Бесағаш ауылының әкімі, облыстық, аудандық ТЖД өкілдері оқиға орнында жұмыс жасап жатыр.

«Бурабайда таң атқалы жүрміз. Әр үйге хабарлама беріп жатырмыз. Су кіретін жерлерді бекітіп, техникаларды дайындап жатырмыз. ТЖД өкілдері мен тұрғындар құм мен тас толтырылған бөгет жасауда. Су ағатын уақытша арық, траншея қазылуда», - деді Бесағаш ауылының әкімі Марат Арынбаев.

Оның айтуынша, Бурабай кентінде 180-200 үй орналасқан.

Олардың ішінде 3-4 отбасыға уақытша қауіпсіз жерге көшу туралы хабарлама берілген.

Ауыл әкімдігі биыл аталған ауылда арық желісі жүргізу мен жол жөндеуді қолға алмақ.

Айта кету керек, былтыр да Бурабай кентінің үйлері саз-балшықтың астында қала жаздап еді.

Қопсыған топырақ қопарыла көшіп 2-3 үйдің ауласына дейін жеткен еді.

Алматы облыстық ТЖД баспасөз қызметі хабарлағандай, Талғар ауданында еріген қар суы 5 елді мекендегі 62 отбасының ауласын су басты.

Атап айтқанда, Талғар қаласында - 9, Тұздыбастау ауылында - 27, Бесағаш ауылында - 2, Қызылту ауылында -10, Панфилов ауылында 14 ауланы су басқан. Қарасай ауданында еріген қар суы 4 елді мекендегі 82 отбасының ауласын су басты. Еңбекшіқазақ ауданы Байтерек ауылында қардың еруінен 29 тұрғын үйдің ауласын су басты. Ескелді ауданында 10 тұрғын үйдің ауласын су басты.

Бүгінгі күні Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылында 4 көшені және 82 тұрғын үйлердің ауласын су алып жатыр.

Соңғы жаңалықтар
telegram