Алматы қалалық ІІД Ішкі істер министрлігі жүйесінде ең жетекші бөлімшелердің бірі - А. Есімов
АЛМАТЫ. 23 маусым. ҚазАқпарат - Алматы қалалық ішкі істер департаменті қылмыспен күрес пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде аса қуатты кадрлық әлеуетке ие.
Қала әкімі Ахметжан Есімов бүгін Қазақстан полициясының 20 жылдық мерекесін атап өтуге арналған салтанатты жиында осылай айтты.
«Елбасымыз 2007 жылы 23 маусымда тиісті жарлыққа қол қойған күннен бастап Қазақстан полициясының кәсіби күні қоғам өмірінде үлкен қолдаумен атап өтілуде. Мұның өзі осы салада тер төгіп жүрген азаматтар мен ардагерлерге көрсетілген құрмет деп білеміз. Сіздердің жауапкершілікке толы ауыр қызметтеріңіз мемлекетіміз бен оның азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғауда ең басты күш-қуат болып табылады», - деді А. Есімов. А.Смағұлұлының айтуынша, қала әкімдігі экономикалық қиындықтарға қарамастан қаржылық және материалдық-техникалық жарақтандыруда полиция жұмысын барынша қолдауда. Мәселен ағымдағы жылы департаментті ұстауға 13,6 миллиард теңге бөлінді. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 23 пайызға жоғары. Ал 2007 жылмен салыстырғанда 90 пайызға артық.
Шаһар басшысының сөзіне қарағанда, «қалалық жергілікті бюджетте ІІД қаржыландырудың үлесі 70 пайызды құрайды. Соңғы 3 жылда қалалық бюджет қаржысына 420 автокөлік құралы сатып алынды. Бұл көлік паркінің жартысын жаңартуға мүмкіндік берді. Алматы қазір жергілікті бюджет есебінен бүкіл мектептерді полиция инспекторымен қамтамасыз етіп, бейне бақылау камерасын орнатқан республикадағы жалғыз аймақ».