Алматы қалалық ІІД ұйымдасқан қылмыстың бетін ашты

деп хабарлайды Алматы қалалық ІІД-нің баспасөз қызметі.
29-шы сәуірде белгісіз 4 адамның фармацевтикалық компанияның кеңсесіне шабуыл жасағаны анықталған еді. Қылмыстық оқиға нәтижесінде 16 мың теңге, 2 компьютер және «Тойота Аверсис» автокөлігі қолды болған. Ұйымдасқан қылмыстық топ ЖАҚ аумағына рұқсатсыз кіріп, күзетшіні ауыр соққыға жыққан. 3 сейфті бұзып, қомақты қаржыға кенелмек ойлары болған.
«Сол күні ішкі істер басқармасында ҚР Қылмыстық кодексінің 179-шы бабының 3-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалған болатын. Күзетші ауыр жарақатына байланысты жедел хабар бере алмаған. Көп уақыт өтіп кеткендіктен қылмыскерлер ауладағы көлікпен қашып үлгерген еді. Бірақ, 1 сағаттан соң көлікті оқиға орнына жақын жерде тастап кеткендіктері анықталды. Топтың 2 мүшесін алдыңғы күні құрықтадық. Ал қалған екеуі кеше түнде қолға түсті», деді Жетісу аудандық ІІД бастығы полиция подполковнигі Қанат Таймерденов. Оның айтуынша, қылмыскерлердің алды 26 жаста болса, соңы 22 жастағы жігіт. Құқық қорғаушылардан тасалану мақсатында олар қаланың шеткі аймақтарынан пәтер жалдап тұрған.
Бүгінге дейін бір компьютердің сатылып кеткендігі анықталса, екінші данасын сату үшін клиент қарастыру үстінде болған. Тергеу барысында олардың ешқайсысы да бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылмағаны анықталған. Олар Алматыға жұмыс іздеп келген болып шықты. Ал 54 жастағы күзетші ұзақ уақыт ауруханада жатып шыққан.