Алматы қалалық полициясы тағы бір есірткі қылмысының бетін ашты
АЛМАТЫ. Шілденің 26-сы. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Бүгін Алматы қаласы құқық қорғаушылары 34 жасар Александр есімді қала тұрғынынан марихуана тәркіледі.
Бұл жұмыс «Автокөлік» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жүргізіліп отыр. Ұсталған азамат есірткіні тұрақты тасымалдаушылардан алып, оны сатумен айналысқан. Құқық қорғаушылар қылмыскерді өзінің көлік жөндеумен айналысатын туысының үйінде ұстады. Айта кетерлік бір жәйт, бұл азаматтың жүйке дертіне байланысты есепте тұратындығы жөнінде куәлігі бар болып шықты.
«Күдікті қазір өз ісіне жауап беру үстінде. Қазір біз оның ауруының нақтылығын анықтап жатырмыз. Себебі, ұсталған сәтте ол өз дертін нақты құжаттармен дәлелдей алмаған еді. Есірткілер тәркіленіп, химиялық сараптамаға жіберілді. Бұл іс енді Түрксіб аудандық ІІБ-да тексерілетін болады», деді Түрксіб аудандық ІІБ бастығы, полиция полковнигі Нұрлан Мошқалов.
Қылмыскерді тексеру барысында одан газетке оралған марихуана табылған. Одан соң күдікті есірткінің жасырын сақталған қалған бөлігін де көрсеткен.