Алматы қалалық жолаушылар көлігі басқармасының бастығы тағайындалды
АЛМАТЫ. 20 тамыз. ҚазАқпарат - Алматыда қалалық жолаушылар көлігі басқармасының бастығы тағайындалды. Ол Әбдірахманов Талғат Әбдікерімұлы болды, деп хабарлайды Алматы әкімінің баспасөз қызметінен.
Естеріңізге сала кетейік, ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің қатысуымен өткен оңтүстік астананы дамыту жөніндегі кеңесте Алматы әкімі Ахметжан Есімов жолаушылар тасымалы және автомобильдер жолдары басқармасын одан да тиімді жұмыс істеуі үшін дербес екі басқармаға бөлу ұсынысын жасаған болатын.
Бүгін таңертең жұмыс кеңесінің барысында А.Есімов жаңа басқарманың бастығын таныстыра отырып, оның алдында жолаушылар тасымалы саласын тәртіпке келтіру, муниципалдық көлікті дамыту, метрополитен құрылысын жалғастыру және жеңілрельсті көлік жобасын алға жылжыту бойынша міндеттер қойды.
Т.Әбдірахманов 1960 жылы Алматы облысында дүниеге келді. Алматы Энергетикалық институтын тәмамдаған. 2005 жылдан бері «Алматы электротранс»басқармасын басқарып келді.