Алматы қаласы әкімдігіне ақылы көлік қоюды ұйымдастыруға байланысты 120-дан астам ұсыныс түсті

АЛМАТЫ. 26 қазан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматы қаласы әкімшілігінің ресми интернет-ресурсына ақылы көлік қоюды ұйымдастырудың ережесін құрастырушылар атына алматылықтардан 120-дан астам ұсыныс келіп түсті.

Алматы қаласы әкімдігіне ақылы көлік қоюды ұйымдастыруға байланысты  120-дан астам ұсыныс  түсті

Естеріңізге сала кетсек, қала әкімдігі жақында алматылықтарға ақылы көлік қоюды ұйымдастыру бойынша ұсыныс-өтініштерді қабылдайтындықтарын айтқан еді.

Қазіргі кезде ақылы автотұрақтарды ұйымдастырудың ереже - жобасы жемқорлыққа қарсы күрес сараптамасынан өтуде. Аталған жоба барлық ұсыныстар мен ескертулер, соның ішінде қала әкімшілігінің ресми интернет-ресурсына жолданған алматылықтардың да ұсыныстарын ескеріп, толықтырылды. Ұсыныстар көбіне көлік қою үшін төлем, төлем механизмі және де көлік қоятын орындардың орналасуы, ұйымдастыру жолдарына байланысты болды. Алматы қаласының Табиғат ресурстары және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы қалалық қызметтермен бірлесіп, осы ережелердегі механизмдерді Алматыға сәйкестендіріп, шетелдік тәжірибеге сүйеніп жасауда.

Негізінен бұл жоба Алматы қаласының ақылы көлік қоюды ұйымдастыру ережелерінің Жер кодексі мен «Алматы қаласының ерекше мәртебесі» туралы заңға көлік қою аймағының тұтас саясатын құру, көлік қою бойынша сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік жасау, жол жүрісінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көше-жол тораптарының өткізу мүмкіндігін ұлғайту, қоршаған ортаның ластану деңгейін төмендетуге байланысты өзгертулер енгендіктен жасалынып жатыр.

Жақында Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов аталған ережелерді жасауға байланысты өткен кеңесте, көлік қоюды реттеу үшін жобаның бастамасын осы жылы жүзеге асыру керектігін атап өтіп, атқарушы мекемелерді анықтау үшін тендер өткізу қажет екендігін хабарлаған болатын. Онда ол сонымен қатар, «Біздің артықшылығымыз осы жобаны жаңадан таза парақтан бастап жатқандығымыз. Сондықтан барлық механизмдерді жақсы ойластырып, инвесторлар мен көлік иелерінің де және басқа да ұсыныстар мен қалауларды ескеру керек. Және де атқарушы мекемелердің ережені сақтамаған жағдайда олармен келісімшарттың бұзылатындығын ережеде нақты жазу қажет»,- деді.

Жоба осы жылдың қараша айының басында бекітуге берілуі тиіс.