Алматы қаласы әкімінің орынбасары Алатау ауданының жұртшылығымен кездесті

АЛМАТЫ. Шілденің 31-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Алматы  қаласы  әкімінің орынбасары Ербол Шорманов құрылғанына 1 жыл болған Алатау ауданының тұрғындарымен кездесіп,   өзекті мәселелерді шешу жолдарын талқылады,

Алматы   қаласы  әкімінің орынбасары Алатау ауданының жұртшылығымен кездесті

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

  Алатау ауданының басым бөлігі жеке үйлерден тұрады. Олар еш жобасыз салынғандықтан бүгінде газ, су, жарық беру, көгалдандыру жайы күрделі қалпында қалып отыр. Кездесу барысында тұрғындар осы мәселелерді көтеріп, қала басшылығының көмектесуін сұрады. Отырысқа қалалық басқармалардың басшылары қатысып, тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.

         Кездесуде қазіргі таңда басып алынған жерлерді заңдастыру жүргізіліп жатқаны, оларды жарықпен қамтамасыз ету қажеттілігі айтылды. Биылғы жылы аталған ауданда құны 162,8 миллион теңгелік газ жүйесінің құрылысы аяқталып келеді. Қала бюджетінен газдандыруға бөлінген қаржының көлемі 350 миллион теңгені құрап отыр.

  «Өткен жылы қаланы газдандыруға 500 миллион теңге бөлінген болатын. Оның 72 пайызы Алатау ауданына тиесілі», дейді Е.Шорманов. Ал жауын-шашын кезінде Алатау ауданының бірқатар бөлігін басып қалатын таудан аққан суды тоқтатуға арнайы бағдарлама жасалып, жобалық-сметалық жұмыстарға 250 миллион теңге бөлінген. Бағдарлама 2010 жылы жүзеге асырыла бастамақ. Сумен қамтамасыз етуге де арнайы бағдарламалық жоба қажет.

 Отырыс барысында қала әкімінің орынбасары аудан тұрғындары көтерген барлық мәселе назарға алынатынын,  алайда оларды бір күнде шешу мүмкін еместігін атап өтті. Оның айтуынша, аудан әкімшілігі қордаланған проблемаларды жақын арада жинақтап, жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеп тиісті орындарға ұсыну қажет. Содан кейін барып қаржы бөлінетін болады.