Алматы қаласы мен екі облыста сел қаупі әлі де жоғары

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жоғары температуралық фонға және жауын-шашынға байланысты Қазселденқорғау бекеттері күшейтілген жұмыс режиміне ауысты. 11 авариялық-механикаландырылған бригада құрылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматы қаласы мен екі облыста сел қаупі әлі де жоғары

Алматы қаласы мен Алматы облысының мұздақ көлдерінде ағынды су арналарын тереңдету және назар аударуды қажет ететін учаскелерде суды қауіпсіз белгілерге дейін сорып шығару бойынша алдын алу шаралары белсенді түрде жалғасып жатыр.

Жалпы, жыл басынан бері 18 аэровизуалды және 700-ден астам жерүсті зерттеу жұмысы жасалды.

Мұздақ көлдерде барлау жұмыстары жүріп жатыр.

«Аюсай» селді ұстап қалатын бөгеттің уақтылы салынуының арқасында Құмбел өзені (Үлкен Алматы өзенінің бассейні) бойынша сел тасқынына жол берілмеді.

Бөгет сел шөгінділерін, ағаштардың тамыры мен діңдерін ұстап қалды.

Қабылданған алдын алу шаралары елді мекендер үшін сел шығарындыларының салдарын барынша азайтуға мүмкіндік берді, профилактикалық сипаттағы шаралар қабылдау жалғасуда.

Қазіргі уақытта Алматы қаласының, Алматы облысының және Жетісу облысының тауларында мұзды және нөсер генезисінің сел қаупінің жоғары дәрежесі сақталып тұр.