Алматы қаласы мен облысында электр қуатына жаңа тариф енгізілді
Бұл туралы бүгін Алматыда ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің департаменті, Алматы қаласының Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы, «Алматыэнергосбыт» ЖШС өкілдері баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жаңа тариф қыркүйектің 11-нен бастап енгізіледі. Өзгеріске сай тұрмыстық тұтынушылар үшін электр қуатына орташа тариф бұдан былай 10,23 теңге (12 пайыз ҚКС есептегенде) болады.
Электр қуатының бағасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 25-наурызында қабылданған «Мөлшерлі тарифтер бекіту туралы» №392 қаулысына сәйкес ҚР-ның барлық энергокөздерінде қымбаттады және электр қуаты саласындағы инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру мәселесін шешуге және энергиямен қамту сапасын арттыруға бағытталған. Сондай-ақ қыркүйектің 11-нен бастап Алматы қаласы тұтынылған электр қуаты үшін тұтыну көлеміне қарай сараланатын тарифтер бойынша төлем енгізу тәртібіне көшеді. «Тұтыну көлеміне қарай электр қуатын сараланған тарифтер енгізу тұтынушыға энергияны барынша ұтымды, әрі тиімді пайдалануға және айтарлықтай ақша үнемдеуге ықпал етеді», дейді жиынды ұйымдастырушылар.