18:35, 16 Мамыр 2009 | GMT +5
Алматы қаласы тарихының мұражайында саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты 5 мыңдай жәдігер бар
АЛМАТЫ. Мамырдың 16-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматы қаласы тарихының мұражайында «Алаш туын көтеріп, азаттыққа жол ашқан» деген тақырыпта көрме өтіп жатыр.

Ол мамырдың 18-індегі халықаралық мұражайлар күні мен мамырдың 31-інде атап өтілетін саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Мұражайдың бөлім меңгерушісі Нәзира Құдайбергенқызының айтуынша, қазіргі таңда Алматы қаласының тарихи мұражайында 30 мыңдай жәдігер бар. Оның 5 мыңы ? саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты материалдар. «Бұл заттар негізінен Алаш қайраткерлерінің еңбектері, фотоқұжаттары және ұлттық қауіпсіздік комитеті мұрағаттарындағы аса құпия тергеу істері және олардың тұтынған заттары. Жалпы қуғын-сүргін құрбандары ұсталған кезде барлық заттары тәркіленіп, өртелген. Сондықтан оны іздестіру, жинау жұмыстары әлі жалғасуда. Ол ешқашан тоқтамайды», дейді Назира Құдайбергенқызы. Оның сөзіне қарағанда, саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты жәдігерлердің кейбірін Алаш зиялыларының ұрпақтары мұражайға өздері табыс еткен. Олар өздері үшін асылдың сынығындай аса ыстық және құнды бұл заттардың болашақ ұрпақтың игілігі үшін маңызы зор екенін жақсы түсініп отыр.