Алматы қаласында бос орындар жәрмеңкесінде шамамен 600 жұмыс орны ұсынылды

АЛМАТЫ. 14 қыркүйек. ҚазАқпарат - Кеше Алматы қаласында өткен бос орындар жәрмеңкесінде әр түрлі компаниялар және мекемелер 600-ге жуық жұмыс орнын ұсынды. Жәрмеңкені ұйымдастырушылар: Алатау аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, жергілікті жұмыспен қамту орталығы және аудан әкімдігі.

Алматы қаласында бос орындар жәрмеңкесінде шамамен 600 жұмыс орны ұсынылды

Жәрмеңкенің басты мақсаты халықты жұмыспен қамтуға ықпал ету. Жұмыс берушілер бос орындарын ұсынды және жұмысқа қабылдау үшін үміткерлерді алдын ала іріктеуді жүзеге асырды.

Оңтүстік астананың ең жаңа ауданында халықты және түлектерді жұмыспен қамту мәселелері үздіксіз бақылауда екені атап айтылды. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының бірінші бағыты бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде - әлеуметтік жұмыс орындарын және жастар саясатын ұйымдастыру. Осылайша, ЖОО-ны және колледждерді бітірушілер мемлекеттік органдарда және кәсіпорындарда мемлекет есебінен төленетін тағылымдамадан өтіп, қажетті тәжірибені жинай алады.

«Жәрмеңкені ұйымдастырушылар бос орындарды тауып қана қоймайды, жеке кәсіпкерлік негіздерін меңгеруге көмектеседі» - деп баса айтты Алматы қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бастығының орынбасары А.Оразова.

Бос орындар жәрмеңкесіне мектептер мен ЖОО-ның бітірушілері, студенттер, жұмыссыздардан құралған 450-ден астам адам қатысты. 85 ізденуші жұмысқа жолдама алды. Сондай-ақ, 40 жұмыссыз азаматты жұмысқа орналастыру жоспарлануда.