Алматы қаласында бруцеллез дерті өршіп тұр
АЛМАТЫ. Қыркүйектің 29-ы. ҚазАқпарат /Маржан Кеңесбай/ - Алматыда бруцеллезге қатысты эпизоологиялық және эпидемиологиялық жағдай нашарлап кетті.
Бұл туралы бүгін қалалық мемлекеттік санитарлық эпидемиологиялық қадағалау комитеті департаменті директорының орынбасары Айзат Молдағасымова мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Биыл департамент мамандары Ішкі істер басқармасының қызметкерлерімен 520 сауда нүктелеріне рейд жүргізіп, олардың 308-інің қызметін тоқтатты. Мәселен, жыл басынан бері қалалық санитарлық қызмет заңсыз сатылатын сүт және сүт өнімдерінің 120 түріне зерттеу жүргізіп, олардың 17-сінде бруцеллез жұқпасы бар екендігін анықтады. Ал соңғы екі айда сүт және сүт өнімдерінің 26 пайызынан бруцеллез жұқпасын тапты. Ауруды жұқтырған сырқаттардың 50 пайызы - Алатау, 18 пайызы - Медеу, 14 пайызы Алмалы ауданының тұрғындары болып отыр», дейді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Алматы қаласы бойынша мемлекеттік санитарлық эпидемиологиялық қадағалау комитеті департаменті директорының орынбасары Айзат Молдағасымова. Оның айтуынша, тексеру кезінде бруцеллез жұқпасы бар сүт және сүт өнімдерін сатқандар Алматы облысының шалғай ауылдарының тұрғындары екендігі белгілі болды. Қазіргі уақытта қалалық санитарлық эпидемиологиялық қызмет сүт және сүт өнімдерін заңсыз сатумен айналысып отырғандарды есепке алу жұмысын жүргізуде. Сондай-ақ олардың тұрғылықты мекен-жайы Алматы облыстық ветеринарлық инспекцияға жіберіліп жатыр.