Алматы қаласында кәсіпкерлердің саны артты

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жыл басынан бері кәсіпкерлік субъектілерінің саны 3,9 пайызға өсті. Бұл туралы қалалық Кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қаласында кәсіпкерлердің саны артты

«Алматыда кәсіпкерлер саны жыл сайын тұрақты өсіп келеді. Биылғы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша қалада кәсіпкерлік субъектілерінің саны 3,9 пайызға өсіп, 203 500- ге жетті. Шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандар саны 613 мың адам. Қалада 1 000-нан астам нысан ашылды, олардың басым бөлігі сауда және қызмет көрсету саласы», - деді спикер брифинг барысында.

Сонымен қатар, ол жыл соңына дейін 234-ке жуық нысан ашу жоспарланып отырғанын айтты. 117 млрд теңге шамасында инвестиция тартылған .

«Биыл «Бастау бизнес» жобасы бойынша қалада 2 201 адам оқыды, оның ішінде 1 200 адам грантқа ие болды. Бұл жалпы қатысушы санының 54,5 пайызы»,- деді Айтуар Кошмамбетов.