Алматы қаласында Қырғызстандағы толқулар кезінде жаппай тәртіпсіздіктер жасағаны үшін мемлекетаралық іздеуде жүрген топ мүшесі қолға түсті

Өз Отанында Ош қаласының Т. есімді 22 жасар азаматы жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқаны үшін ғана емес, сонымен қатар екі милиция қызметкерін өлтіргені үшін де іздеуде жүрген. Ол тәртіпсіздік орын алған жерге келіссөздер жүргізуге келген Ош облысы Қарасу аудандық ІІБ бастығы мен оның жүргізушісін аса қатігездікпен өлтірген. Қылмыс жасағаннан кейін ол шекараны кесіп өтіп, Алматы облысындағы саяжайлардың бірінде тұратын танысын барып паналаған.
Қылмыскерді мемлекетаралық іздеуге жариялағаннан кейін оның суреті мен мәліметтері Алматы қаласына да келіп жеткен еді. Сәрсенбі, шілденің 7-сінде, Криминалдық полиция басқармасының іздестіру бөлімінің қызметкерлері «Арлан» жедел қимылдайтын арнайы тобының жауынгерлерімен бірлесе атқарған шара кезінде Алматы облысының Іле ауданындағы Боралдай ауылының «Водник» шағынауданының саяжайларының бірінде қылмыскер қолға түсті. Қазіргі уақытта ол тұтқында, енді оны еліне экстрадициялау мәселесі шешілуде.