Алматы қаласында мүмкіндігі шектеулі жандардың мақсатты түрде емделу мәселелері шешілуде - Алматыдағы дөңгелек үстел
АЛМАТЫ. 3 наурыз. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Мүмкіндігі шектеулі жандардың репродуктивті денсаулығын қорғау мәселелері Алматы үшін де өзекті.
Бұл туралы Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасының бастығы Еркін Дүрімбетов бүгін Алматыда «Қазақстан Республикасында мүмкіндігі шектеулі жандарға медициналық көмек ұйымдастыру проблемалары» деген тақырыпта өткен дөңгелек үстелде айтты.
«Мүгедек жандарға қатысты мәселелердің бар екендігін жасыра алмаймын, бірақ олар мақсатты түрде шешілуде. 2005-2010 жылға арналған денсаулық сақтауды дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама жетістікпен аяқталды. Соңғы жылдарда қалада 23,6 миллиард теңге сомадағы 10 денсаулық сақтау нысандары қолданысқа берілді. 350 орынға арналған жаңа жедел көмек беру емханада мүмкіндігі шектеулі жандарды емдеуге барлық жағдайлар жасалған. Биылғы жылы 20 медициналық мекеме қайта жөндеуден өтеді. Бұл емханаларда мүмкіндігі шектеулі жандарға қажетті жағдайлар жасалынып, арнайы құрылғылар қойылатын болады. Осы мақсаттарға әкімдік 1 миллиард 23 миллион теңге бөлді. Сонымен қатар, осындай жандарға қызмет көрсететін алты инватакси сатып алынатын болады»,-деді ол. Оның айтуынша, Алматыда әр түрлі категориядағы 40 000 мүгедек жандар тіркелген.