Алматы қаласында сәбилердің 70 пайызы Әуезов ауданында дүниеге келеді

АЛМАТЫ. Маусымның 17-сі. ҚазАқпарат /Жанар Шағалақова/ - Алматыда сәбилердің 70 пайызы Әуезов ауданында дүниеге келеді. Оны аудан әкімі Әділ Несіпбаев бүгін Қалқаман шағынауданындағы №1 қалалық клиникалық ауруханада өткен «Медицина қызметкерлері» күніне арналған мерекелік шарада айтты,

Алматы қаласында сәбилердің 70 пайызы Әуезов ауданында дүниеге келеді
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Республика бойынша тұрғындарының саны жағынан ең алдыңғы орындағы біздің ауданда 310 мыңнан астам адам тұрады. Онда мемлекеттік кепілдемелі қызмет көрсететін 3 аурухана, 5 емхана, 3 перзентхана, 2 балалар шипажайы мен №2 балалар үйі және туберкулезге қарсы диспансер орналасқан. Әуезов ауданының тағы бір мақтан тұтары - қала бойынша дүниеге келетін сәбилердің 70 пайызы біздің еншімізде. Мысалы өткен жылы Әуезов ауданында барлығы 17 827 сәби өмірге келді», дейді Әділ Сағынбекұлы. Әкімнің айтуынша, қазіргі таңда аудандағы медициналық мекемелерде 5 737 қызметкер еңбек етеді. Мемлекет тарапынан медицина қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсартуға соңғы жылдары ерекше көңіл бөлініп жатыр. Мәселен, биыл олардың жалақысы 25 пайызға көтерілді. Ол енді 2010 жылы 25 пайызға, ал 2011 жылы 30 пайызға көтеріледі деп жоспарланып отыр.