Алматы қаласындағы ең үздік жоғары оқу орны анықталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы қаласы әкімдігінің аппараты, Жастар саясаты мәселелері басқармасы және «Elite» рекрутингтік компаниясы бірлесіп Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының арасында рейтинг жүргізді. Оның нәтижесі бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 1-ші орынды иеленді.
Рейтинг жұмыс берушілердің түлектердің құзыреттіліктерін бағалауы және ЖОО жанындағы мансап орталықтарының қызметіне баға беру негізінде жасалды. Жүргізілген зерттеуге сәйкес, HR мамандары және компаниялардың жетекшілері соңғы 3 жыл ішінде өздеріне жұмысқа орналасып, қазір еңбек етіп жүрген түлектерге баға берді. Рейтингті құрастыруда қала экономикасындағы барлық салалар бойынша 425 компанияда сауалнама жүргізілді.
Зерттеу барысында бәсекеге айрықша қабілетті жас мамандарды даярлайтын жоғары оқу орындары олардың білім деңгейінің сапасына ғана емес, сонымен бірге студенттердің бойында жігерлілікті, коммуникативті дағдыларды, қиын жағдайларға икемделуге бейімділігін арттыруға көңіл бөлгені айқындалды, делінген аталмыш университеттің ресми сайтында.