Алматы қаласындағы тергеу абақтысынан қашқан 5 азаматтың 4-уі ұсталды
АСТАНА. Сәуірдің 27-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Алматы қаласындағы тергеу абақтысынан қашқан азаматтардың 4-уі ұсталды, ал біреуі әлі іздестірілуде.
Бұл мәселеге қатысты мәліметтерді бүгін Ішкі істер министрлігінің Тіл саясаты және ақпарат департаменті бастығының орынбасары Ернұр Уәли журналистермен болған брифингте жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, абақтыдан қашып кеткендерді іздестіру үшін Алматы қалалық және облыстық Ішкі істер басқармалары мен Көліктегі Оңтүстік-Шығыс Ішкі істер департаментінің және Әділет министрлігінің Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің қызметкерлерінен бірлескен штаб құрылған. «Ал Алматы қаласы бойынша «Дабыл» жедел-іздестіру шарасы қолға алынып, 91 шеп бекет ұйымдастырылды. Сондай-ақ 41 жедел-іздестіру тобы құрылып, оған әуежай, теміржол вокзалдары мен сапаржайлар қызметкерлері және такси жүргізушілері тартылды. Бірлескен жұмыстардың барысында қашқындардың 4-уі қолға түсті. Олардың барлығы Алматы облысының аумағында жасырынып жүрген», - деді Е.Уәли.Қазір тәртіп сақшылары 5-ші қашқынды іздестіріп жатыр. Ішкі істер министрлігі еліміздің азаматтарынан осы іске қолғабыс етуді, күдікті Чигибаев жөнінде қандай да бір ақпараттары бар азаматтардың ішкі істер органдарына хабарласуларын сұрайды. «Абақтыдан қашу әрекеттеріне байланысты қазір тергеу амалдары жүргізілуде. Сонымен қатар күдіктілердің қашуын ұйымдастыруға қылмыстық атқару жүйесі қызметкерлерінің қатыстылығы тексерілуде», - деді департамент бастығының орынбасары.