12:52, 08 Тамыз 2015 | GMT +5
Алматы қаласындағы Түркісіб ауданында 4 пәтерлік тұрғын үй отқа оранды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы қаласының Түркісіб ауданында 4 пәтерлік ескі жеке тұрғын үйді өрт шалды. Бұл туралы «ҚазАқпарат» тілшісіне Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаментінен хабарлады.
Мәлім болғанындай, бүгін таңғы сағат 08:34-те «101» кезекші бөліміне Ақан Сері көшесіндегі нөмірі №113-ші тұрғын үйден өрте шыққандығы туралы суыт хабар түскен.
Оқиға орнына өрт сөндіру бөлімшелері шұғыл жетті. Бұл кезде төрт пәтерлік жеке тұрғын үй мен ауладағы қора-жай лапылдап жанып жатқан. Жалын тілі 160 шаршы метрді шарпыды. Оны сөндіруге 11 негізгі және 6 арнайы техника мен жеке құрамнан 50 адам жұмылдырылды. Тілсіз жау таңғы сағат 09:02-де ауыздықталып, 9 сағат 14 минутта толығымен сөндірілді.
Өрт салдарынан 1937 жылы туған әйел азаматша зардап шеккен. Қолдарын күйік шалуына байланысты ол қаладағы нөмірі №4-ші аурухана жеткізілді.
Қазір өрттің шығу себептері анықталу үстінде.