Алматы қаласының 15 жерін су басу фактісі тіркелді - ТЖД

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Көктемде Алматыны су басу қаупі бар, осы қауіптің алдын алу үшін аудан әкімдіктері, мердігерлік ұйымдар 13 700 дана инертті материалдар дайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қаласының 15 жерін су басу фактісі тіркелді - ТЖД

Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 18 наурыз сағат 09.45 жағдай бойынша «112» желісіне жергілікті су басу бойынша 15 хабарлама келіп түскен.

«Алатау ауданында – 4 жағдай, Жетісу ауданында – 5, Алмалы ауданында - 2, Бостандық, Медеу, Түрксіб, Наурызбай аудандарында-бір шақыртудан болды. Барлық мекенжайларда мердігерлік ұйымдардың, аудандық ТЖ басқармаларының күштері мен құралдары жұмыс істеп жатыр»,-деп хабарлады қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

Наурыздың басынан бастап Алматы қаласында 87 мм жауын-шашын жауған, негізгі норма – 76 мм. Бұған дейін қала аумағындағы жауын-шашын жаңбыр түрінде өткен, оның барысында жергілікті су басудың 14 фактісі тіркеліп, барлық жағдайлар әкімдіктердің мердігерлік ұйымдарының және Алматы қаласы ТЖД күшімен жойылды.

Су басудың негізгі себебі арық желілерінің қатты тұрмыстық қоқыспен бітелуі және құбырлардың толып қалуы. Қазіргі уақытта мореналық көлдерде температура төмен, қар астында, еріген және көлдерге ағындар жоқ. Жалпы жағдай Алматы қаласы ТЖД бақылауында.

Қабылданған жедел шаралармен қазір әкімдіктің мердігерлік ұйымдарымен 3 бірлік техника, 2 мотопомпа және жеке құрамның 14 адамы Райымбек даңғылындағы 230 үйдің маңынан 35 текше метр су сорып алынды. Қазіргі уақытта жағдай тұрақталды. Көше мониторингі жалғасуда.