13:40, 05 Қараша 2013 | GMT +5
Алматы қаласының әкімі «Қайрат» футбол клубын қола жүлдегер атануымен құттықтады
АЛМАТЫ. 5 қараша. ҚазАқпарат - Сегіз жылдан кейін алғаш рет үздіктер қатарына қайта қосылған «Қайрат» футбол клубын Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов Премьер-лигада Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері болуымен құттықтады.

«Бұл біздің қаламыз үшін үлкен нәтиже, зор жетістік. Алматы барлық уақытта да «Қайрат» командасын қолдап келді. Алдағы уақытта да белсенді түрде қолдайтын боламыз. Қазір қазақстандық футболда бәсекелестік пайда болды, сондықтан да сіздердің жеңістеріңіз біздің мақтанышымыз», - деді шаһар басшысы аяқдопшыларды медальмен марапаттау кезінде. Сырт алаңдағы ақтық ойында Павлодардың «Ертісін» 3:2 есебімен жеңіп, үздік үштіктің қатарына енген алматылықтар алдағы жылы УЕФА-ның Еуропа лигасында ел намысын қорғауға мүмкіндік алған болатын.