Алматы қаласының әкімі Қазақстан Кубогының иегері - «Қайрат» командасымен кездесті

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов Қазақстан Кубогының иегері, Қазақстан Чемпионатының қола жүлдегері «Қайрат» командасының ойыншыларымен және жаттықтырушылар құрамымен кездесті. Бұл туралы Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Алматы қаласының әкімі Қазақстан Кубогының иегері - «Қайрат» командасымен кездесті

Кездесу барысында қала басшысы командаға Чемпионаттың қола медальдерін табыс етіп, биылғы маусымдағы жетістіктерімен құттықтап, б ұл жоғары нәтижеге Алматы қаласында кәсіби футбол жүйесін дұрыс жолға қоюдың арқасында қол жеткізілгендігін жеткізді.

«Біз Сергей Квочкин атындағы балалар академиясын, Тимур Сегізбаев атындағы жасөспірімдер академиясын құрдық. Қазір «Қайрат» командасының негізгі құрамына арналған базаның құрылысы аяқталып келеді. Біздің мақсатымыз - футболды бұқаралық сипатқа ие ету және команданың дамуына барынша жағдай жасау», - деді Ахметжан Есімов.

Әкім сонымен қатар, Алматы қаласында соңғы жылдары ірі спорттық шаралардың, солардың ішінде футбол бойынша ірі жарыстардың өтіп жатқандығын тілге тиек етті.

Естеріңізге сала кетелік, биыл, «Қайрат» командасының 60 жылдық мерейтойына орай, команданың аты аңызға айналған ойыншылары мен Әлем құрама командасы кездесті. Шет елдерден Әлем Кубогының, Чемпиондар Лигасының иегерлері, Әлемнің және Еуропаның үздік ойыншылары атанған футболшылар келді. Сонымен қатар, «Қайрат» командасы мен Испания құрамасының ардагерлері арасында Алматы қаласының күніне орай жолдастық кездесу өткізгендігін де айта кеткен жөн.