Алматы қаласының әкімі Қысқы Азия ойындары өтетін нысандардың құрылысы барысымен танысып шықты

Қала әкімі алдымен орталық стадионда, одан кейін шаңғы трамплиндерінің халықаралық кешенінде болып қайтты.
Қазіргі уақытта қаладағы ең үлкен стадионда жүгіру алаңдарын кеңейту жөніндегі демонтаж жұмыстары аяқталып қалды. Жаңа алаңды жылыту, дренажды жүйені орнату, сулау сияқты бірқатар шаралар жүзеге асуда. Су жүйелері мен канализация жаңартылған. Ойын алаңын жаңарту жөніндегі жұмыстар да кең қанат жаюда. Батыс трибунаның сейсмикалық төзімділігі арттырылуда. Орталық стадионды қайта жарақтандыру жұмыстары белгіленген кестеге сай, халықаралық стандарт талабына сәйкес жасалуда. Үстіміздегі жылды қыркүйектің 18-де стадионның жаңа алаңында футболдан тестілік матчтар өткізу жоспарлануда.
Қысқы Азия ойындары кезінде шаңғы трамплиндерінің халықаралық кешенінде шаңғымен секіруден жарыс өтетіндігі белгілі. Трамплиндерді тексеру мақсатында биылғы жылы қыркүйектің 25-і күні мұнда тестілік жарыстар өткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, кешенде бұқаралық- мәдени шаралар ұйымдастыру көзделіп отыр.