Алматы қаласының Әуезов ауданы әкімдігі Ораза тұтқан тұрғындарға ауызашар ұйымдастырды
МАТЫ. 16 тамыз. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Кеше Алматы қаласының Әуезов ауданында орналасқан «Таугүл-3» мешітінде аудандағы Ораза тұтқан тұрғындарға ауызашар ұйымдастырылды.
Ауызашарға Алматы қаласы дін істері департаментінің өкілдері, аудан әкімі аппаратының қызметкерлері, аудандық қызметтердің басшылары, бұқаралық ақпараттар құралдарының өкілдері шақырылды.
Аталмыш шараға Әуезов ауданының әкімі Бекқали Торғаев арнайы қатысты. Ол барша қауымды қасиетті Рамазан айымен құттықтап, жылы лебізін білдірді. «Оразаларыңыз берік болсын! Алла тағала тілеген тілек-дұғаларыңызды қабыл етсін! Рамазан айындағы барша жақсылықтарды Алла тағала нәсіп етіп, шапағаты мен мейірімі баршаңызға тие берсін! Келесі Рамазан айына дейін еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!», - деді Б. Торғаев.
Өз ізгі ниеттерін «Таугүл» мешітінің бас имамы Орынбасар Дәуренбеков те айтты. «Қазір жастар арасында имандылыққа бет бұрып, намаз оқуға талпынғандары қуантады. Ораза тұтып жүрген жан еш уақытта біреудің ала жібін аттап, біреуді-біреуге жамандап, дөрекі сөздер айтпайды. Осы қағида әркімнің жадында болу керек. Бiр ай бойы iшiп-жеуден ғана емес, өтiрiк-өсек айту, бiреудi сыртынан ғайбаттау, бейәдеп сөздер мен қылықтар сияқты адамгершілiк қағидаларына жат әдеттерден аулақ болу керек. Сәресi тамағы - берекет. Бiр жұтым су да болса, оны тастамау керек. Өйткенi Аллаһ сәресiде тамақтанғандарға рақымдылық етiп, перiштелерi де олар үшiн кешiрiм тiлейдi. Сонымен қатар, «Мен - оразамын» деу де сүннет. Егер бiреу ораза ұстаушыға дауыс көтерiп сөйлесе, керiскiсi келсе, «мен - оразамын» деп ескертуi тиiс», - деді мешіттің бас имамы.
«Бұл айда қайырымдылық пен жақсылықты көп жасап, мешіттерге барып дұға қылу қажет, жарлы-жақыбай мен жетім-жесірге пітір-садақа беру керек. Ораза - мұсылманның бес парызының бірі. Рамазан айында мұсылмандар өзін-өзі рухани жағынан жетілдіруге мүмкіндік алады. Ораза ұстаған адамға кімде-кім сәресін дайындап берсе, немесе ауызашарға шақырса сауабын алады», - деп атап өтілді ауызашар барысында.