Алматы қаласының кәріз инфрақұрылымын оңалтуға арналған Қазақстан мен Француз Үкіметтерінің арасындағы хаттаманың күші жойылды

АСТАНА. Желтоқсанның 23-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Қаржыландыру туралы хаттаманың (Алматы қаласының сумен қамтамасыз ету және кәріз инфрақұрылымын оңалту мен жаңғырту жобасы) күшін жою туралы» заң жобасы мақұлданды,
None
None

деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

«Екі ел үкіметтері арасындағы 27 млн. 440 мың еуро мөлшеріндегі қаржыландыру хаттамасына 2000 жылдың қазанында қол қойылған болатын. Бұндағы заем жылдық 2,1 пайыз ставкамен 16 жылға берілмекші еді. Атқарушы агенттік ретінде Алматы қаласының әкімдігі белгіленсе, кредиторы француздық банк болатын. Ал соңғы тапсырысшы жарғылық капиталы 71,5 мың теңгені құрайтын «Алматысу» ЖАҚ болатын. Сонымен бірге, заемды қайтару туралы Француз Үкіметі мен ҚР Қаржы министрлігі, Алматы қаласы әкімдігі және «Қазақстанның даму банкі» арасындағы келісімшартқа 2002 жылы қол қойылды. Дегенмен Хаттаманың «Алматысу» және «Еуропа Қайта құру және Даму банкі» арасында 5 млн. доллардан кем болмайтын қосарлас қаржыландыру жөніндегі бөлігіне қол қойылмады. Алматы әкімдігінің ақпаратына сәйкес, жобаның орындалмауына шығындарды өтеу мақсатында қаладағы су тарифтерінің құнын 50 пайызға арттыру туралы мәселенің көтерілгені себеп болған. Яғни, несие ұсынушылар тарапынан көтерілген сол кездегі бұндай тарифтік саясат қолдау таппады. Нәтижесінде «Алматысу» ЖАҚ бұл жобаға қатысудан бас тартты. Ал әкімдік «Алматысудың» орнына «Су арнасы» МКК-ын ұсынған болатын. Бірақ, Француз тарапы тапсырыс берушінің сенімділігіне күмәнмен қарап, жобаны жүзеге асырудың мүмкіндігіне шәк келтірді. Осыған орай, соңғы шарттардың орындалмауы салдарынан аталған хаттама күшіне енген жоқ», деді заң жобасы бойынша түсінік берген ҚР Қаржы министрі Болат Жәмішев.

Хаттаманың күшіне енбеуіне орай, бюджеттік заемдар да жұмсалмаған. Ал ағымдағы жылғы Қазақстан-Француз экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның отырысы барысында қазақстандық тарап осы жоба аясында француздық заемнан бас тарту ниетін ресми хабарлап, француздар оны құптаған.

Соңғы жаңалықтар