Алматы қаласының одан әрі гүлдене түсуіне әрқайсымыз өз үлесімізді қосуымыз қажет - А. Есімов
АЛМАТЫ. 30 мамыр. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Демалыс күндері қаладағы Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті атындағы саябақта Алматы қаласының әкімдігі мен Nicole гүл компаниясының ұйымдастыруымен өткен «Алматы - гүл қала» фестиваліне 50 мыңға жуық адам қатысты.
Тұңғыш рет өткізілген фестиваль жоғары деңгейде аталып өтілді. Оны ұйымдастыруға қала кәсіпорындары мен ұйымдары, гүл өсірушілер, оқушылар, экологиялық патруль мүшелері белсене араласып, атсалысқан.
Фестивальге Алматы әкімі Ахметжан Есімов арнайы қатысты. «Біздің қала әлемнің ең сұлу жерінде орналасқан. Сондықтан да қаланың одан әрі гүлдене түсуіне біздің әрқайсымыз өз үлесімізді қосуымыз қажет. Алматылықтар -барынша сұлу, мейірімді, білімді, мәдениетті, тәрбиелі халық. Осы мәртебемізді біз мықтап қолда ұстауға тиіспіз. Ал қала әкімдігі бұл бағытта қолдан келгеннің бәрін жасайтын болады. Әсем, таза, сұлу қалада өмір сүрудің өзі үлкен бақыт қой», - деді Ахметжан Есімов шараның ашылу рәсімінде.
Сонымен қатар ол: "Қала басшылығының маңызды міндеті - экологияны жақсарту болып табылады. Биыл Алматыда 180 мың шаршы метр жерде көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, үй қасбеттері гүлді шырмауықтармен көмкерілетін болады. Осыдан үш жыл бұрын 40 мың шаршы метр жер ғана көгалдандырылған болатын", - деп атап өтті. Оның айтуынша, үстіміздегі жылдың көктемінде жоспардағы 25 мың ағаштың 15 мыңы отырғызылып, ескі ағаштар жаңартылу үстінде.
Өз сөзінің соңында қала әкімі қалалықтарды, кәсіпорын, ұйым, мекеме, сауда орындары мен кеңсе, мейрамхана басшыларын мегаполисті гүлдендіру ісіне белсене араласуға шақырды.
Шара барысында қала басшысы флористикалық байқау жеңімпаздарын марапаттап, дипломдар мен бағалы сыйлықтарды табыс етті.
Гүлдер жәрмеңкесіне 25 мыңнан астам гүл өсірумен айналысатын ұйымдар мен мекемелер қатысты. Әр гүл өсіруші компания көрмеге тегін қатысты. Көрмеге әлемдегі он мыңдаған түрлі гүлдер, Жапониядан, Франция, Англиядан арнайы әкелінген өсімдіктер қойылды.
Фестивальге келушілер үшін граффити көрмесі, асфальттағы балалар суреті байқауы ұйымдастырылып, шеберлік сыныптар өткізілді. Қалада тұңғыш рет гүлмен безендірілген автомобильдер, байкерлер, велосипедистер мен музыканттар шеруі өтті.
Фестиваль соңы мерекелік отшашуға ұласты.