Алматы қаласының орталық көшелерінің бірінде жүргізуші 4 адамды қағып кетті
АСТАНА. Ақпанның 10-ы. ҚазАқпарат - Алматы қаласының орталық көшелерінің бірінде жүргізуші 4 адамды қағып кетті, олардың ішінде 6 жасар бала бар, деп хабарлады ҚР ТЖМ-ның баспасөз қызметінен.
Баспасөз қызметінен хабарланғандай, кеше, ақпанның 9-ы күні таңертенгі сағат 08.58-де Алатау ауданындағы Рысқұлов және Райымбек көшелерінің қиылысында «Фольксваген» автокөлігін мінген 38 жастағы жүргізуші 4 жаяу жүргіншіні қағып кетті. Барлық жәбірленушілер оның ішінде 6 жастағы бала ауруханаға жеткізілді.
Осы күні сондай-ақ, Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданын басып өтетін «Алматы-Ташкент» автожолының 444-ші шақырымында «Лэндровер» автокөлігі «КамАЗ-дың» тіркемесіне соғылып, оның салдарынан жеңіл көліктің жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды. Оның 7 жастағы жолаушысы ауруханаға жеткізілді.
Ақпанның 9-ы күні сағат 17.20-да Алматы облысы Ақсу ауданынан өтетін «Алматы-Өскемен» авожолының 399-шы шақырымында 77 жастағы жаяу жүргінші «Ниссан» автокөлігінің астына түсіп, мерт болды.