Алматы қаласының тарихы музейі жаңа жәдігерлермен толықты
АЛМАТЫ. Қазанның 19-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматы қаласының тарихы мұражайының жәдігерлері Бауыржан Момышұлының домбырасы және жазу машинкасымен толықты. Мұражай директорының орынбасары Бақберген Тайшиевтің айтуынша, онда бұған дейін даңқты қолбасшының жеке заттары болмаған еді. Бұл шара бүгін "Алматы соғыс жылдарында" деген айдармен Б. Момышұлының 100 жылдығына арналған "Рухыңа болашақ бас иетін, ұмытылмас ерлігің қасиетің" деп аталатын кездесуде жүзеге асып отыр.
"Біздің қызметкерлеріміз жалпы білім беретін мектептерде, арнайы және жоғары оқу орындарында "Алматы соғыс жылдарында" деген тақырыптағы көрмеге байланысты дәрістер жүргізіп отырады. Олар көшпелі көрме экспонаттары арқылы қаланың тарихын ғана таныстырып қоймай, көрнекті мәдениет, қоғам және мемлекет қайраткерлерінің есімін ұлықтап, еңбектерін насихаттайды. Мұндай тәлім-тәрбие жұмыстары кезінде қаһарман Бауыржан Момышұлының өмір жолы мен тағылымы мол өнегелі істері үлгі ретінде ұсынылады", - дейді Бақберген Жақсылықұлы.
Қалалық мәдениет басқармасына қарасты 4 мұражайдың бірі саналатын Алматы қаласының тарихы мұражайында қазір 30 мыңнан астам жәдігер бар. Оның басым бөлігі өмірі мен қызметі Алматы қаласымен тығыз байланысты болғандықтан Алаш зиялыларының ұрпақтары бізге тарту еткен мұраларды құрайды. Бұл үрдіс енді бүгін де өз жалғасын тауып отыр.