Алматы қаласының туған күні қыркүйек айының үшінші жексенбісіне ауыстырылды
АЛМАТЫ. Қыркүйектің 11-і. ҚазАқпарат /Назира Елеухан/ - Алматы қаласының күні жыл сайын қазан айының алғашқы жексенбісінде тойланып келе жатқан болатын.
Қала басшылығы 2009 жылдың маусым айында өткен қалалық мәслихаттың XIX сессиясында мерекені қыркүйек айының үшінші жексенбісіне ауыстыру жөнінде ұсыныс жасады. Себебі бұл күн кей кезде қазан айының басында аталып өтетін Қарттар және Мұғалімдер күнімен тұспа - тұс келіп қалады. Қала күнін ауыстырудағы тағы бір жайт - қыркүйекте күн де жылы болуына байланысты. Ал бұл негізгі мерекелік шаралардың өз деңгейінде өтуіне ықпал етеді. Мұндай ұсыныс жасаудағы басты мақсат - үлкен мегаполистің күнін өз алдына жеке атап өту болып табылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Енді биыл Алматы күні 20 қыркүйек күні аталып өтпек. Үлкен мегаполисте осы айтулы мерекеге қатысты үлкен мерекелік шаралар өтеді, қайта жасалған субұрқақтар ашылып, жаңа тұрғын кешендері мен әкімшілік нысандар есігін айқара ашатын болады.
Қалада «Күй кеші», «Алматы - жастар қаласы», «Алматым жүрегімде», «Алматы- менің алғашқы махаббатым», «Ана тілім - ардағым» атты фестивальдер мен «Мисс Казахстан -2009» ұлттық конкурсы, «Алматы - менің сүйікті қалам» фотобайқауы, Алматы туралы балалардың сурет салу конкурсы, «Мейірімді адамдар қаласы» атты кітап көрмесі, мәдениет орындарының ашық есіктері, «Антиграффити» жастар акциясы, Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы ретрофильмдерінің көрсетілімі және басқа да көптеген мерекелік шаралар өтеді.
Мереке күні алматылықтар, қала қонақтары театрландырылған және балалардың шығармашылық, қойылымдарын, «Алматы, мен сені сүйемін» атты байкерлер мен веложүгірушілердің жарыстарын тамашалай алады. Қала күні ойдағыдай өтеді деп күтілуде.