Алматы қаласының тұрғындарын жер сілкінісіне дайындау бойынша бағдарлама қолға алынды

Бұл туралы бүгін Алматыда өткен арнайы баспасөз мәслихатында жобаның ұйымдастырушылары - Қазақстанның Ұлттық Қызыл Ай Қоғамы (ҚР ҚАҚ) мен «Шеврон» компаниясының өкілдері мәлім етті.
«Бағдарлама Америкалық Қызыл Крестің техникалық қолдау көрсетуімен жүзеге асырылып жатқан «Алаңдаусыз Орталық Азия» аймақтық жобасының бір бөлігі болып табылады. Жобаның басты мақсаты - Алматы қаласының тұрғындарына жер сілкінісіне дайын болудың негізгі қағидаларын, яғни апат кезінде, оған дейін және одан кейін не істеу керектігін үйрету болып табылады», - дейді жобаның ұйымдастырушылары.
Қазақстандағы Қызыл Ай қоғамы жыл бойы мектеп оқушыларына, ЖОО студенттеріне, қаладағы ұйымдардың қызметкерлеріне және бизнес-құрылымдардың өкілдеріне тренингтер өткізбек. Қызыл Ай қоғамының ағымдағы жылғы жоспарында 20 000 адамды зілзалаға қарсы тұруға дайындау және алғашқы көмек көрсету дағдыларына үйрету мақсаты тұр. Тренингтер бағдарламасында төтенше жағдайлар кезіндегі жеке бастың және отбасының жоспары, «дабыл шабаданын» дайындау, дүмпулер кезіндегі қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелері, алғашқы көмек көрсетудің негізгі қағидалары қарастырылған.
«Төтенше жағдайларға дайындау және жауап беру шараларына үкімет пен ресми халықаралық агенттіктердің дайындықты арттыру бойынша іс-қимылдары ғана емес, сондай-ақ, жергілікті, ұлттық және халықаралық деңгейде азаматтық қоғамды да тартуы тиіс», - деп есептейді ҚР Қазақстандағы Қызыл Ай қоғамының президенті Еркебек Арғымбаев. Оның айтуынша, бұл жоба дәл осындай әріптестіктің жарқын мысалы болып табылады.
Аталмыш жобаның маңызды құрамдас бөліктерінің бірі еріктілер болып табылады. Қызыл Ай Қоғамы еріктілері арнайы оқытудан өтіп, жер сілкінісіне дайындау және алғашқы көмек көрсету бойынша емтихан тапсырған соң, кең ауқымды тренингтер өткізетін болады. ҚР Қызыл Ай қоғамы барлық ықылас білдіруші тұлғаларды ерікті нұсқаушы ретінде осы жобаға қосылуға шақырады.
«Шеврон» компаниясы еліміздің экономикалық өсімі, халықты оқыту және тұлға әлеуетін дамытуға жәрдемдесетін бастамалар мен бағдарламаларды дамытуға ерекше назар аударып келеді. Сонымен қатар, өндіріс аумағында және тұрмыс жағдайындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі де біздің басты назарымызда. Сондықтан тұрғындарды төтенше жағдайларға дайындау, жер сілкінісі кезінде халықты жүріс-тұрыс дағдыларына үйрету секілді маңызды мәселеден біз тысқары қала алмаймыз», - дейді «Шеврон» компаниясының қоғаммен байланыс жөніндегі департамент директоры Еркін Зікібаев.