Алматы қаласының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасында жүргізілген тексеріс нәтижесінде 4 қылмыстық іс қозғалды
АСТАНА. Қаңтардың 19-ы. ҚазАқпарат - Прокуратура «Алматы қаласының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» Мемлекеттік мекемесінде жүргізген тексерістің нәтижелері бойынша 4 қылмыстық іс қозғады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Бас прокуратурасына сілтеме жасап.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Алматы қаласының прокуратура органдары Басқарманың қызметінде автомобиль жолдарын жобалау, салу және іске қосуды жүзеге асыру барысында сыбайлас жемқорлықпен күрес және автомобиль жолдары туралы заңнамалардың қолданылуына тексерістер жүргізді.
«Тексеріс барысында аталмыш мекемеде қолданыстағы заңнамалар өрескел бұзылып отырғандығы, мәселен, бюджет қаражатын тиімсіз жұмсау және жымқыру (атқарылған жұмыс актілері бойынша), қызмет бабын асыра пайдалану оқиғалары орын алғандығы анықталды», - деп атап өткен баспасөз қызметі.
Тексеріс жұмыстарының нәтижесінде барлығы төрт қылмыстық іс қозғалып, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастығына заңбұзушылықтарды жою туралы ұсыным түсірілді.