Алматы қаржы полициясының экс-басшысы Аманбаев 14 жылға қамалуы мүмкін
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекеттік айыптаушы Алматы қаласы қаржы полициясының бұрынғы басшысы Әмірхан Аманбаевты 14 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Сот талқылауы барысында Аманбаевтың бюджеттік қызметкер ретіндегі ай сайынғы жалақысынан басқа табыс көзінің болмауына қарамастан, қылмыстық топтың құрамында қылмыстық әрекеттері арқылы алынған ақша қаражаттарын туған-туыстарының атына рәсімдеу арқылы заңдастырғаны анықталды. Нақты айтқанда, 2014 жылдың 29 қаңтарында Лексус 350 көлігі сатып алынып, ұлының атына рәсімделген. Бағалау құны 9 млн. 275 мың теңгені құрайды. Жұбайының атына Қарағандының Карбышев көшесі бойындағы жер телімі мен көлік тұрағы бар пәтер тіркелген. Бағалау құны - 47 млн. 756 мың теңге. 2014 жылдың 24 желтоқсанында 2011 жылы шығарылған Тойота Ланд крузер 200 көлігі де жұбайының атына тіркелген, оның да бағалау құны 11 млн. 817 мың теңгені құрайды. 4 желтоқсанда бағалау құны 3 млн. 95 мың теңгені құрайтын «Шкода Октавия» көлігі ұлының атына тіркелген», - деп атап өтті мемлекеттік айыптаушы.
Ол соттан Әмірхан Аманбаевты кінәлі деп тауып, мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойы айырып, мүлкін тәркілеу арқылы қатаң режімдегі түзеу колониясына жазасын өтеуге 14 жылға жіберуді сұрады. Сонымен қатар ҚР Президентіне Аманбаевты «3 сыныпты мемлекеттік кеңесші» шені мен «Құрмет» және 2 дәрежелі «Даңқ» ордендерінен айыру туралы ұсыныс енгізу қажеттігін атап өтті.
Мұнан бөлек, мемлекеттік айыптаушы Сергей Ильинді де айыпты деп танып, оған мемлекеттік қызметте лауазым атқаруына өмір бойы, ал кәсіпкерлікпен айналысуға 7 жылға тыйым салып, мүлкін тәркілеу арқылы қатаң режімдегі түзеу колониясына 16 жылға қамауды сұрады.
«Нұрлан Шаукеровті мемлекеттік қызметте лауазым атқаруына өмір бойы, ал кәсіпкерлікпен айналысуға 7 жылға тыйым салып, мүлкін тәркілеу арқылы қатаң режімдегі түзеу колониясына 16 жылға бас бостандығынан айыруды сұраймын. Федотовты кәсіпкерлік қызметпен айналысуына 7 жылға тыйым сала отырып, мүлкін тәркілеу арқылы жалпы режімдегі түзеу колониясына 9 жылға жазасын өтеуге қамау қажет», - деді мемлекеттік айыптаушы.
Сонымен қатар ол мемлекет пайдасына айыпталушылардан 27 млрд. 712 млн. 858 мың 253 теңге өндіріп алу сұралды.