Алматы кәсіпорындары 64,8 млрд теңгенің өнімін өндірді
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - 2021 жылдың басынан бастап өнеркәсіптік кәсіпорындармен 64,8 млрд теңгеге өнім өндірілді. Бұл туралы Жетісу ауданының әкімі Гүлнар Көкебаева онлайн брифинг барыснда айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Брифинг барысында Жетісу ауданының әкімі 2021 жылдың І тоқсанын қорытындылап, аудандағы әлеуметтік-экономикалық дамуы мен атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баяндады
«2021 жылдың І тоқсанында Жетісу ауданы бойынша бюджетке салық түсімдерінің үлесі 56,5 млрд теңгені құрады, болжам 134%-ға орындалды. Өнеркәсіптік кәсіпорындармен 64,8 млрд теңгеге өнім өндірілді. Ауданның өнеркәсіп секторы жалпы қалалық өнеркәсіп өнімін шығаруда 19,7% алады, ірі және орта санатқа 37 өнеркәсіп кіреді», - деді ол.
Оның айтуынша, 2021 жылдың үш айында аудан бойынша негізгі капиталға 18,7 млрд теңге инвестиция игерілген, негізгі капитал инвестициясы 403,9%-ды құраған.
«Қазіргі таңда ауданда жеке инвестициялардың жалпы сомасы 76,6 млрд теңгеден асатын 17 ірі нысанның жобасы іске асырылуда. Ол көппәтерлі тұрғын үйлер құрылысы саласында, қызмет көрсету және сауда саласында, денсаулық сақтау нысандары, мемлекеттік бағдарламаларға қатысатын объектілер», - дейді Гүлнар Көкебаева.
Аудандағы бөлшек тауар айналым көлемі 168,8 млрд теңге. Нақты көлем индексі 103,9%. 2021 жылғы қаңтар-наурызда көтерме тауар айналымының көлемі 321,7 млрд теңге болды.