Алматы-Қаскелең арасындағы көлік құны 20 теңгеге қымбаттайды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматының іргелес ауданындағы қоғамдық көлік құны 20 теңгеге өсетін болды. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне Қаскелең автопаркінің бас директоры Есбай Әшімбаев айтып берді. 

Алматы-Қаскелең арасындағы көлік құны 20 теңгеге қымбаттайды

Оның айтуынша, жолақы өсіміне әсер еткен бірден-бір фактор - автопарк пен оның қызметкерлерін қамтамасыз ету қиындығы. 

«10 тамыздан бастап жол ақысы 120 теңге болады. Дизель отыны 183 теңге тұрады, оның үстіне Алматыдан Қаскелеңге қатынау үшін 24 шақырым жол жүру керек. Егер бұрын автобус билеті 100 теңге болса, тиісінше ол кезде бензин де арзан еді. 7 жыл бойы бағаны ұстап тұрдық. Әрине, халыққа қиын болатынын білемін. Автобөлшектер бағасының ышқынып тұрған заманында автопаркті асырау да оңай емес»,-деді Есбай Әшімбаев.

Айта кету керек, Қаскелең тұрғындарының саны қазіргі таңда 320 мыңға жетеді. 

«Автобус 24 шақырым жол жүріп, 20 адамды діттеген жеріне жеткізеді. Олардың әрқайсысы 100 теңгеден төлесе, одан жиналған сома жол шығынын ақтамайды»,-деді Қаскелең автопаркінің бас директоры.