«Алматы-Қаскелең-Шырпықты-Шолпан Ата» көлік жолы жобасы 30 млн. долларға бағаланып отыр

Қырғыз Республикасы Үкіметі жанындағы Туризм жөніндегі мемлекеттік агенттік директоры Тұрысбек Мамашев ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында осылай айтты.
«Бұл жобаны қазақстандық іскер азаматтар ұсынған. «Алматы-Қаскелең-Шырпықты-Шолпаната» бағытындағы бұл жобаның құны 30 миллион долларға бағалануда. Қазір қазақстандық саяхатшылар Ыстықкөлге Бішкек арқылы 6-7 сағат жол жүріп барады. Ал «Алматы-Шолпаната» жолы небәрі 200 шақырым. Жалпы бұл мәселе 3 жылдан бері көтеріліп келе жатыр. Өкінішке қарай, бізде оны салуға мүмкіндік жоқ. Егер Қазақстан тарапынан қаржыландырушылар табылса, құп көрер едік», дейді Тұрысбек Мамашев. Бұл мәселе бұрын екі ел президенттерінің кездесуінде де көтерілген болатын. Қазақстан мен Қырғыз Республикаларының Парламентаралық комиссиясының тең төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Жәнібек Кәрібжановтың айтуына қарағанда, «Алматы-Шолпаната» бағытындағы бұл көлік жолы жобасының әлі күнге дейін техникалық-экономикалық негіздемесі жасалмаған.