«Алматы қазақ сыныптарынан неге қорқады?» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Тамыздың 20-сы. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда тамыздың 20-сы, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

***

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Астана қаласы бас жоспары ғылыми-зерттеу институты» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында болды. Астана Бас жоспарында елорданы одан әрі дамыту, қаланың заманауи коммуналдық, әлеуметтік және көлік инфрақұрылымдарын қалыптастыру мәселелері талқыланды. Елбасына қаланың жаңа нысандарының - медиа-орталықтың, Мектеп оқушылары шығармашылық сарайының, Қазақстан тарихы мұражайының, жабық тұрғын үй кешенінің жобалары таныстырылды. «Жаңа медиа-орталықта аймақтағы ең үлкен әрі қазіргі заман талаптарына толықтай жауап бере алатын телевизиялық кешен орналасады. Жалпы аумағы 45 мың шаршы метрді құрайтын Оқушылар сарайында планетарий, мұражай, кітапхана, спорт және би залдары мен өзге де бөлмелер орналасады. Қазақстан тарихы мұражайы жаңа алаңға жақын жерде, «Қазақ Елі» монументіне таяу орын тебеді. Ғимарат жобасы модерн стилінде, бірақ қазақтың ұлттық нақышы ескеріліп жасалған», деп жазады басылым.

Кеше Мемлекет басшысы ҰҚК төрағасы Әділ Шаяхметовті, Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченконы және «Сырбар» сыртқы барлау қызметінің директоры Аманжол Жанқұлиевті қабылдады. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газеті ҚР Президентінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлап отыр. Ә.Шаяхметов ағымдағы жылғы ақпанда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысының алқасында Президент алға қойған міндеттердің орындалу барысы туралы, Г.Марченко банк жұмысының қорытындылары туралы, ал А.Жанқұлиев ведомствоның қазіргі атқарып жатқан қызметі туралы ақпарат берді.

«Кеше Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Украина Президенті Виктор Януковичпен телефон арқылы сөйлесті», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. В.Янукович Қазақстанды 2010 жылғы желтоқсанның 1-2-сі күндері Астанада ЕҚЫҰ қатысушы мемлекеттері басшыларының Саммитін өткізу туралы тарихи шешім қабылдануымен құттықтады. Әңгімелесу барысында Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың 2010 жылғы қыркүйекте Украинаға ресми сапарын әзірлеу және өткізу мәселелері талқыланды. Қазақстан мен Украинаның 2010-2011 жылдарға арналған «Жол картасы-3» ынтымақтастық жоспарын жүзеге асыру барысына ерекше назар аударылды.

***

«Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санындағы бас мақала елімізде орын алып отырған экологиялық проблемаға арналыпты. «Ұлан-ғайыр атырап уланып жатыр» деген тақырыппен берілген сын мақалада кезіндегі Кеңес одағы заманынан қараусыз қалған кен орындарының зияндығы туралы жазылған. «Осыдан 45 жылдан астам уақыт бұрын, 1963-1965 жылдары Қарағанды облысының бірқатар аудандарында сол кездегі Бүкілодақтық геология министрлігіне қарасты «Волковгеология» мемлекеттік кәсіпорны кен зерттеу жұмыстарын жүргізді. Кеңестік дәуірдің аса құпия рәсімімен жүргізілген сол зерттеулердің белгісі ретінде облыстың әр түпкіріндегі тау бөктерлерінде үңірейген апандар, ұңғысынан улы ауа иісі аңқыған ұралар қалды», деп жазады басылым. Жазылған жайт төңірегінде кеңірек оқып білгіңіз келсе, басылымның бүгінгі нөмірін жіберіп алмаңыз.

«Алаш айнасы» көтерген тағы бір өзекті мәселе, Алматы қаласының кейбір қазақ мектептері қазақ балаларын қабылдамай жатқан көрінеді. Себебі қазақ баласы аз келетін мектепті аралас немесе тұтас орыс мектебіне айналдыру оңай секілді. Білім саласындағы былықтарғы үңілген газет тілшісі бұл мәселеге тиісті құзырлы орындар неге назар аудармай отыр дегенді айтады. Мақала «Алматы қазақ сыныптарынан неге қорқады?» деген тақырыппен жарық көрген.

Осы басылымның дәстүрлі «Дат» айдарының қонағы - Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің ректоры Жексенбек Әділовпен арадағы екеуара әңгіме «Ғалымдардың жобасын жүзеге асыру үшін біздегі технологиялық парктің потенциалы жеткіліксіз» деген тақырыпппен жарияланып отыр. Сұхбатта негізінен отандық ғылымның қазіргі ахуалы жайы талданған. Ректордың айтуынша, қазақстандық ғылымның потенциалын арттыру үшін ең бастысы тың жобаларға жаңа технологияларды көптеп енгізу қажет.

Газетте сондай-ақ, небәрі 30 жасында қыршыннан кеткен ақын Бауыржан Үсеновтің тағдыры жайында сыр шертетін естеліктер топтамасы жарияланған. Аз ғұмырда қазақ поэзиясында өз қолтаңбасын қалдырған Бауыржан ақын туралы жазбаларды «Алаш айнасының» «Жұлдыз-ғұмыр» айдарынан оқи аласыздар.

***

«Мектептегі әлеуметтік теңсіздік оқушылардың ғана емес, мұғалімдердің де арасында бар болып шықты. Білім және ғылым министрлігі оқу орындарындағы осы теңсіздікті жойып, тәртіпті күшейтудің жолы - мектеп мұғалімдерін бір үлгіде «киіндіру» деп түсінген сияқты. Себебі жаңа оқу жылында Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстары және Алматы қаласының оқушыларымен бірге ұстаздары да жаңа үлгіде киіне бастайды», деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі нөмірінде жарық көрген «Мұғалімдер де форма киеді немесе мектептегі әлеуметтік теңсіздік жойыла ма?» мақаласында. Биыл біркелкі үлгіге жаппай көшуге кейбір өңірлердің қаржылық жағдайы мүмкіндік бермей жатқандықтан, еліміздің тоғыз аймағында ғана оқушылар біркелкі мектеп формасына ауысқан. Соның ішінде Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстары 1-сыныпқа баратын оқушыларды түгелдей жергілікті бюджеттің есебінен киіндірмек. Сонымен Қызылордадан өзге өңірлердегі мұғалімдер ол киімді өз қаражаттарына сатып алатын болады. Әзірге мұғалімдер киімінің орташа бағасы 12-15 мың теңге аралығында бағаланып отыр.

Жаңа оқу жылындағы басты жаңалық - оқу процесіне «Өзін-өзі тану» міндетті пәнінің енгізілуі болып отыр. Бұл жайында таяуда ғана жаңа оқу жылына дайындықты пысықтап, жиын өткізген Білім және ғылым министрі Ж.Түймебаев мәлімдеген болса, кеше «Бөбек» ұлттық ғылыми-тәжірибелік, білім беру және сауықтыру орталығында осы тақырыпта арнайы республикалық тамыз конференциясы өтті. Бұл жайында толық ақпарат алғыңыз келсе «Айқын» газетінің бүгінгі нөмірінде жарық көрген «Өз еліңді тану - өзіңді танудан басталады» деген тақырыптағы мақалаға назар салыңыз.

Осы басылымда медицина ғылымдарының докторы, профессор, Ресей медицина ғылымдары академиясының және Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақ тағамтану академиясының президенті, Профилактикалық медицина академиясының президенті, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) кеңесшісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, 2003 жылғы "Платиналық тарлан" сыйлығының лауреаты, Леон Бернард атындағы 2005 жылғы ДДҰ сыйлығының лауреаты Төрегелді Шарманов туралы «Шаршамайтын Шарманов қазақ десе, ішкен асын жерге қояды» деген көлемді мақала жарық көрді.

Соңғы жаңалықтар