Алматы кеденшілері кедендік төлем мен салық түсімін жоспардағыдан асыра орындады
АЛМАТЫ. 11 қаңтар. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Алматы қаласы бойынша кедендік бақылау департаменті ҚР Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінің ең ірі құрылымдық бөлімшесі болып табылады.
Ведомство республика бойынша кедендік төлем мен салықтың 24 пайыз түсімін қамтамасыз етеді.
2010 жылдың қорытындысы бойынша, ҚР Қаржы министрілігінің кедендік төлем мен салық жөніндегі тапсырмасын 6 млрд.-тан астам теңгеге асыра орындады. Алматы департаментінің өткен жылғы жоспары 136 млрд. 679 млн.теңгені құраса, бюджеттің нақты іс жүзіндегі көрсеткіші 143 млрд. 040 млн.теңгеге жетті.
Алматы қалалық КБД баспасөз қызметі хабарлағандай, жоспарды асыра орындаудың өзіндік себебі бар. Бұған кедендік әкімшіліктендіру формасы мен әдістерін іске асыру, кедендік құжаттарды дайындауды жылдамдату мен кеден органдары қызметтерінің жетілуі жағдай туғызып отыр. Кеден органдары, сонымен бірге, аймаққа бизнес енгізуге қолайлы жағдай туғызатын бірқатар бағдарламалар қабылдаған.