Алматы қоғамдық көлік диспетчерлік жүйесі жекеменшікке берілмек

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қоғамдық көлік диспетчерлік жүйесі жекеменшікке берілетін болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қоғамдық көлік диспетчерлік жүйесі жекеменшікке берілмек

Бұл туралы қалалық Жолаушылар тасымалы мен автомобиль жолдары басқармасының сайтында жарияланды.

Телеметрикалық мәліметтер базасы, қоғамдық көліктердің қозғалысын бақылауға арналған жылжымалы GPS-трекерлері бар Орталық диспетчерлік қызмет жүйесі конкурсқа шығарылды.

Сайттағы мәліметке сәйкес, басқарма орталық диспетчерлік қызмет жүйесін мемлекеттік жекешелік әріптестік аясында жекеменшікке бермекші.

Байқауда жеңімпаз болған жекеменшік басқарушы МЖӘ аясында жобаға қаржы салып, пайдаланатын болады.

Атап айтқанда, қоғамдық көлікті диспетчерлік бақылау, диспетчерлік жүйені басқару жұмыстарын жүргізу бизнесменнің құзырына кіреді.

Осы бағыттағы әкімдік өкілдері операциялық шығындарды өтеп, сыйақы төлемек.

Диспетчерлік жүйені басқаруға ынта білдіргендердің өтініші 12 қыркүйекке дейін қабылданады.

Жеңімпаздың аты 13 қыркүйекте әкімдік ғимаратында 14:30-да белгілі болады.

Айта кету керек, орталық диспетчерлік қызмет жүйесі 2015 жылдың көктемінде ашылған болатын.

Бұл жүйе қоғамдық көліктердің қозғалысын бақылап, тасымалдаушы кәсіпорындарға жіберіліп  отырады. Ақпарат әр 5 секунд сайын қабылданып отырады.