Алматы көліктері арқылы тасымалданған жолаушылар саны 4238,8 млн. адамды құрады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласында өткен жылы жолаушылар айналымы 13,1 пайызға өсті. Бұл туралы Алматы қаласының статистика департаментінің баспасөз қызметінен хабарлады.
2013 жылы Алматы қаласының көліктері арқылы тасымалданған жолаушылардың саны 4238,8 млн. адамға жеткен. Бұл 2012 жылмен салыстырғанда 11, 5 пайызға артық. Осылайша Алматы қаласында жолаушылар айналымы 13,1 пайызға өсіп отыр.
Жалпы, қалада 2013 жылы көлік кәсіпорындарының саны 615. Олардың басым бөлігі (509) жәрдемші және қосымша көлік қызметі бойынша қызмет көрсетсе, 94-і - басқа да құрлықтағы көлік түрлеріне, ал 12-і - әуе көлік түрлеріне жатады.
2013 жылы құрлықтағы көлік түрлерінде тасымалданған жолаушылардың саны 4235,1 млн. адамды құрады, соның ішінде автобустар арқылы - 74,6% (3159,7 млн. адам), таксилер - 24,8% (1052,1 млн. адам), троллейбустар - 0,4% (14,9 млн. адам) және трамвайларда 0,04% (1,6 млн. адам) тасымалданған.
Әуе көліктері арқылы тасымалданған жолаушылардың саны 3,7 млн. адамды құрады.
Көлік кәсіпорындары тасымалдаған жүктердің көлемі өткен кезеңмен салыстырғанда 15,1%-ға өсіп, 194389,4 мың тонна жүкті құрады (2012 жылы бұл көрсеткіш 168285,5 мың тоннаны құраған болатын). Жалпы жүк айналымы 5,4%-ға өсіп отыр.
Бұл жерде бір айта кететін жайт, 194389,4 мың тонна жүк құрлықтағы көліктердің үлесінде, ал әуе көлігінде тасымалданған жүк көлемі 22584,3 тонна.