Алматы компаниялары «Қарашығанаққа» 15 млн долларлық жабдықты жеткізбек

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Қарашығанақ» пен Алматы компаниялары өзара келісімге келді. Өндірушілер кен орнына құны 15 млн АҚШ доллары болатын жабдықты жеткізбек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы компаниялары «Қарашығанаққа» 15 млн долларлық жабдықты жеткізбек

«Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б. В.» мен бірқатар алматылық компания өкілдері Алматыдағы 5 инвестициялық форум барысында құжатқа қол қойды.

«Компания жергілікті жеткізушілермен жұмысты жақсартуда. Бірнеше жыл бұрын жергілікті қамтуды дамыта бастадық. 4 000 жұмыскердің 90 пайызы қазақстандықтар. Қарашығанақ жобасы тиімді жүзеге асуы үшін үлкен әрі жоғары технологиялық құрал-жабдық АҚШ-тан әкелінетін. Соңғы уақытта мемлекеттік қолдаудың арқасында жергілікті өнімдердің сапасы жақсара бастады. Жергілікті өндірушілермен жұмыс жасау бізге тиімді. Себебі, жолға кететін шығын аз», - деді «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б. В.» бас директоры Ринато Мароли.

Қарашығанақ мұнай-газ конденсаты кен орнына алматылықтар электрстансаны, өрт қауіпсіздігі киімдерін, Батыс Қазақстан зауыттарының сертификациясын жеткізетін болады.