«Алматы» қонақ үйінің тарихи келбеті қайта қалпына келтіріледі

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда журналистермен болған кездесуде Astana Group президенті Нұрлан Смағұлов жүзеге асырылып жатқан жобалар жайында әңгімеледі. Солардың бірі -кеңес заманында салынған «Алматы» қонақ үйін қайта жаңарту.

«Алматы» қонақ үйінің тарихи келбеті қайта қалпына келтіріледі

«Біздің компания бұл қонақ үйді 2006 жылы ашық бәссаудада сатып алған болатынбыз. Алғашында біз оны сүріп тастап, орнына заманауи үлгіде жаңа қонақ үй салуға ниеттеніп едік. Бірақ, кейін оның қала архитектурасына жақсы үйлесетін ғимарат екендігіне көз жеткізіп, қайта жаңартуды ұйғардық. Бұл үшін Ұлыбританиядан мамандар шақырылды. Олар бұл қонақ үйдің қаладағы ең әдемі ғимараттардың бірі екендігін айтты», - деді Н. Смағұлов.

Ол сонымен қатар, әлемде белгілі қонақ үй желілерінің құрамына кірмейтін, бірақ туристер арасында өте танымал жекелеген қонақ үйлердің бар екендігін жеткізді.

«Олардың басқа қонақ үйлерге ұқсамайтын өзіндік бір ерекшеліктері болады. Сондықтан, біз бұл қонақ үйдің тарихи атауын қалдырдық. Енді сыртқы жағы мен ішкі көріністеріне жөндеу жүргізіледі, инженерлік желілері ауыстырылады. Ал нөмірлер қазақша, славяндық және еуропалық стильде жабдықталады. Бөлмелер үлкен емес - 12-16 шаршы метрден. Біз оларды қаз-қалпында қалдырдық. Қонақ үй - үш жұлдызды болады. Онда spa немесе бассейндер жасалмайды. Ал бөлмелер орташа бағалық сегментте болады», - деді Astana Group президенті.

Сондай-ақ, Н. Смағұлов қазір ғимараттың сырты алюкобондпен қапталғандығын, ал жаңарту жұмыстарының арқасында бастапқы қалпына келтірілетіндігін айтты.

«Қонақ үйге жаңа, заманауи жарықтандыру жүйесі орнатылады. Алматылықтар бұл өзгерістерді лайықты бағалайды деп ойлаймын», - деді ол.

Қонақ үйді жаңарту жобасы басқа да жобалармен бірге үстіміздегі жылдың соңына дейін жүзеге асырылады. Олардың қатарында «Mega Alma-Ata» сауда ойын-сауық орталығының алдына салынатын Қазақстан бойынша ең биік көзбен шолу доңғалағы да бар.

Айта кетелік, «Алматы» қонақ үйі 1967 жылы салынған. Қабанбай көшесінің бойында, Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының қарама-қарсы тұсында орналасқан.