«Алматы-Қорғас» жол учаскесінде жұмыстар жандана бастады
АСТАНА. 30 қазан. ҚазАқпарат - «Алматы-Қорғас» автомобиль жолында мердігерлік ұйымдар дайындық жұмыстары мен жол-құрылыс техникасын жұмылдыра бастады. Атап айтқанда, аталған учаскеде құрылыс алаңдарын, вахталық қалашықтарды және топырақ карьерлерін жайғастыру жұмыстары жүргізілуде. Ал учаскедегі басты жұмыстар көктемге қарай басталады. Бұл туралы Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланды.
Министрліктің Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Замир Сағыновтың айтуынша, жоба іске асыру мерзімінің кестесіне сәйкес жүргізілуде. «Барлық жол 8 лотқа бөлініп, төрт мердігер айқындалған. 2015 жылы «Алматы-Қорғас» төрт жолақты жолының құрылысы аяқталып, учаске бірінші техникалық санатқа өтеді», - дейді ол.
Жалпы ұзындығы 304 шақырымды құрайтын «Алматы-Қорғас» автомобиль жолы «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізінің бір бөлігі екендігі белгілі. Дәліздің Қазақстан аумағы арқылы өтетін жалпы ұзындығы 2787 шақырым, оның қайта салынуға тиісті бөлігі 2452 шақырымды құрайды. 2011 жылы дәліздің 215 шақырымы, ал 2012 жылы 700 шақырымы пайдалануға берілген болатын. 2013 жылдың аяғына дейін 806 шақырым жол пайдалануға беріледі. Мұның сыртында «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» жобасы аясында 479 су өткізетін құбыр, 56 көпір және 13 жол өтпесі салынады және қайта жаңғыртылады. Көлік дәлізінің жалпы құрылысын 2015 жылы толық аяқтау жоспарлануда.