Алматы қорығындағы Тянь-Шань қоңыр аюы қысқы ұйқыға кетті

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Жыл басынан бері Алматы қорығында Қазақстанның Қызыл кітабына енген Тянь-Шань қоңыр аюы фототұзаққа 15 рет түсіп қалған, деп хабарлйады ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қорығындағы Тянь-Шань қоңыр аюы қысқы ұйқыға кетті

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, қазан-қараша айларында тау басына қалың қар түскен уақытта Тянь-Шань қоңыр аюлары қысқы ұйқыға кетеді.

Оның ұзақтығы - 4-5 ай, ал аналығы мен қонжықтары бір айға ұзақ ұйықтайды.

Жабайы аңдардың ізі, олардың ағаш пен тастарға қалдырған белгілері кездескен жерлерге қорықтың ғылыми қызметкерлері мен мемлекеттік инспекторлары фототұзақ орнатады.

«2022 жылдың басынан бері Тянь-Шань қоңыр аюлары 15 мәрте фототұзаққа түскен. Жыртқыш аң барлық ірі шатқалдарда теңіз деңгейінен 1200-2800 метр биіктікте аралас және қылқан жапырақты ормандарда мекен етеді. Алайда, былтыр 3470 метр биіктікте жүргені фототұзаққа іліккен болатын»,- делінген хабарламада.

Күзгі санаққа сәйкес Алматы қорығы аумағында 26 Тянь-Шань қоңыр аюы бар.