Алматы көшелерімен «Мәңгілік полк» жүріп өтті (ФОТО)
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Бүгін Алматыда Ұлы Жеңістің 71 жылдығына арналған кезекті «Мәңгілік полк» атты азаматтық шара өткізілді.
Оған қатысушылар - әр түрлі жастағы мыңдаған адам нөсер жауынға қарамастан «Астана» алаңына жиналып, одан 28 Панфиловшылар атындағы саябаққа дейін жаяу жүріп өтіп, Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды.
Бұл шараға қатысқан алматылықтар қолдарына Ұлы Отан соғысына қатысқан өздерінің әке-аталарының, туған-туыстарының портреттерін зор мақтанышпен ұстап жүрді. Ауған соғысы ардагерлерінің үйлестіруші кеңесінің төрағасы Мұрат Әбдішүкіров бұл шараның биыл осымен үшінші рет өткізіліп отырғандығын және жыл сайын оған қатысушылар саны көбейіп жатқандығын атап өтті.
«Бүгін бұл жерге Ұлы Отан соғысына қатысып, отан үшін қан төккен атап-бабаларымыздың ұрпақтары келді. Бұл акция сол аға ұрпақтың ерліктері ешқашанда ұмытылмайтындығын және бүгінгі ұрпақтың бейбітшілікті, Қазақстаның өсіп-өркендеуін қалайтындығын паш етеді», - деді ол.
Оның айтуынша, бүгінгі шараға 20 мыңдай адам қатысты.
«Мына суретте менің атам бейнеленген. Ол соғысқа алғашқы күндерден бастап - Кеңес-румын шекарасында кірісіп, 1945 жылы 9 мамырға дейін шайқасқан. Ол бейбіт заманда дүние салды. Мен бұл акцияға екінші рет қатысып жатырмын. Адамдарды осылайша отанға деген зор сүйіспеншілік сезімнің біріктіріп жатқаны мені ерекше қуантады», - деді қолына әкесінің портретін ұстаған алматылық азамат Александр Соколов.
13 жастағы Борух Шамаё да бабасының портретін ұстап, осы маршқа қатысқанын мақтаныш тұтатынын айтты. Оның бабасы 1945 жылғы 9 мамырда Венада қарсы алған екен.
Айта кетелік, «Мәңгілік полк» азаматтық акциясы 2012 жылы Ресейдің Томск қаласында бастау алған болатын. 2013 жылы бұл шара 120 қалада, ал 2014 жылы жеті елдің 500 астам қаласында ұйымдастырылды. Оған жарты миллионнан астам адам қатысты.