Алматы көшелерін су басу мәселесі қалай шешіледі
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алмалы ауданында үнемі су басатын 12 учаске анықталды. Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаев аудан тұрғындарымен кездесуінде мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның айтуынша, Әйтеке би көшесінің Назарбаев даңғылы, Абылайхан даңғылы және Панфилов көшесімен қиылысындағы, сондай-ақ Масаншы көшесінің Мақатаев көшесімен қиылысындағы учаскелер коллекторға қосылды.
«Жыл соңына дейін Мақатаев көшесінің бойындағы жалпы ұзындығы 3,6 км коллектор қалпына келтіріледі. Райымбек даңғылының бойынан қосымша 2,3 км жаңа арық желісі мен 1,6 км канал саламыз», - деді Ерболат Досаев.
Сондай-ақ ол осы айда әкімдік 52 учаскеде 34 км арық желісін реконструкциялауды және салуды бастайтынын айтып өтті.
Жұмыстарды 2024 жылдың соңына дейін аяқтау көзделген.