Алматы, Қостанай, Қызылорда облыстары мен Алматы қаласының тұрғындарын дәрі-дәрмек мәселесі онша қызықтырмайды
АСТАНА. 15 наурыз. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың 2 айында республиканың Дәрі-дәрмек ақпараттық орталығына 3,5 мыңнан астам адам өтінішпен шықты.
Бұл ақпаратты Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығының баспасөз қызметі таратты.
Баспасөз қызметінің атап өтуінше, аталған орталыққа әсіресе Астана қаласы мен Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындары көп хабарласады екен. Ал Алматы, Қостанай, Қызылорда облыстары мен Алматы қаласының тұрғындарын дәрі-дәрмек мәселесі онша қызықтырмайтын көрінеді.
Ұсынылған мәліметтерге сәйкес, азаматтардың 39 пайызы қандайда бір дәрі-дәрмектің қолданылуына байланысты хабарласқан. Ал 32,2 пайызы дәрілік заттардың бағасына қатысты сауал қойып, оны қайдан сатып алуға болатындығына қызығушылық танытқан. Сондай-ақ азаматтардың 14,2 пайызы кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемін білуге ниет танытса, 7,6 пайызы қолданылатын дәріні алмастыруға қатысты өз сауладарын қойған.