Алматы құтқарушылары шомылушыларға судағы қауіпсіздік ережелерін түсіндіру шарасын қолға алды

Бұл туралы бүгін Алматы қалалық ТЖД ресми өкілі Сандуғаш Баймұханбетова мәлім етті.
Су айдындарының қатарында Үлкен Алматы, Есентай, Проходная, Кіші Алматы өзендері, сондай-ақ, Сайран, Бент, Әуежай көлдері және Үлкен Алматы су арнасы бар.
Су айдындарының көбісі шомылуға арналмаған. Бірақ, соған қарамастан, балалар да, ересектер де барып, суға шомылатындары жасырын емес.
Осыған байланысты, Алматы қаласының Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті ата-аналарды сақ болуға шақырады.
«Балаларыңызға көңіл бөліңіздер. Олардың жаз уақында қай жерде немен айналысып жүргенін сұраңыздар. Балаларыңызбен тағы да сөйлесіп, оларға сақтық жолдарын түсіндіріңіздер. Су жағасына жалғыз өздерін жіберуге болмайды. Суда шомылғанда тентектік жасауға жол бермеңіздер. Балаларыңызды көзден таса етпеңіздер. Олармен жиі әңгімелесу қажет», - делінген хабарламада.
Құтқарушылар шолғын жүргізу барысында су жағасындағы демалушыларға 1020 жадынама таратып, суда шомылғанда сақ болуға шақырды. Сондай-ақ, өрт қаупі маусымының басталғанын ескере отырып, құтқарушылар алдын алу рейді барысында тұрмыста және таулы-орманды жерде өрт қауіпсіздігін сақтау жөнінде 800-ден астам жадынама таратты.