Алматы күзінің қайталанбас бояулары – фоторепортаж
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы күзі ерекше. Әсіресе, таудағы көрініс керемет. Ерте көктемнен бастап жасыл түске енетін мегаполис күзде алтын түске түрленеді. ҚазАқпарат агенттігі оқырмандарына Медеудегі қайталанбас бояуларды ұсынады.
Жылдың осы мезгілінде Алматы тауларында ұзақ уақыт серуендеп, табиғат аясына шыққан жақсы. Күз ағаштардың жапырақтарын жарқын бояуларға қанық етеді: сары, сарғылт, қызыл.
Медеу шатқалы Іле Алатауының солтүстік баурайында Кіші Алматы өзені аңғарында, теңіз деңгейінен 1520- 1750 метр биіктікте орналасқан. Оны Кімасар тау сілемі қоршап жатыр. Таулардың беткейінде қылқан және жалпақ жапырақты ағаштар көп. Медеу – қала тұрғындары мен қонақтарының ең сүйікті жері. Мұнда таза ауамен тыныстап, суретке түсу үшін арнайы келеді.
Демалыс күндері жаяу қыдырып, әдемі пейзаждың куәсі болғыңыз келсе, Медеуге барыңыз.



















