Алматы қызметтері қаланы қыста тазарту жұмыстарына дайындалуда

АЛМАТЫ. Тамыздың 26-сы. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін қала әкімі Ахметжан Есімов 2010-2011 жылдары қаланы қыста тазарту жұмыстарына дайындық туралы мәжіліс өткізді. Оған аудан әкімдері, энергетикалық кешен қызметкерлері, мемлекеттік орган басшылары қатысты,

Алматы  қызметтері  қаланы қыста тазарту жұмыстарына дайындалуда

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Биыл Алматыда тұңғыш рет көшелерді бірден 10 компания тазартатын болады. Осыған орай, Ахметжан Есімов өздерінің мердігерлік ұйымдармен байланыстарын жақсартуы тиіс екендігі жөнінде аудан әкімдеріне жауапкершілік жүктеді.

«Мен бұл істе әрқайсыларыңыз жеке жауап беретіндіктеріңізді естеріңізге саламын. Жеңімпаздарды анықтау жөніндегі конкурстарда лайықты кәсіпорындар алға суырылып шықты деген үміттемін», - деді Ахметжан Есімов жеті ауданның әкіміне.

Қала әкімі жиын барысында, егер ұйым немесе кәсіпорын өз міндетін дұрыс атқармаса, онда оларға әкімшілік шара қолдануды, тіпті жасалған келісім шарттың бұзылатыны туралы да атап өтті. "Бұл қыс кезінде техникалардың дұрыс жұмыс істеуін, қаланың барынша таза болуын қамтамасыз етуге ықпал етеді. Сонымен қатар, мердігер ұйымдар нақтылы технологиялық жүйе жасап, әр техниканы толық, барынша тиімді пайдаланулары тиіс", деді қала басшысы.

Мәжіліс жұмысын қорытындылаған қала басшысы аудан әкімдеріне мердігерлік ұйымдармен бірлесіп, қыс кезінде көшелер мен тротуарларды қардан тазартудың нақтылы жүйесін жасауды тапсырды. Жұмысқа бақылауды күшейтуді қадап айтты. Сонымен қатар, аудан әкімдеріне ЖПК басшыларын қатыстыра отырып, ішкі аулаларды тазарту жұмыстарын өз деңгейінде жүргізу жайында кеңес өткізулерін тапсырды.

Қала көшелерінің тазартылатын көлемі 14,3 миллион шаршы метрді, жүргіншілер жолы 1,6 миллион шаршы метрді құрайды.